
Qostanai_tany
June 14, 2025 at 10:31 AM
Қоғамда адамның ішкі сенімі мен рухани тірегі ретінде дін ерекше орын алады. Алайда соңғы жылдары сол сенімді теріс бағытқа бұрып, түрлі деструктивті ағымдар мен жалған идеологиялар арқылы халықтың санасын улауға тырысатын ағымдар пайда болуда.
Бұл әсіресе мемлекеттік қызметтегі азаматтар үшін аса өзекті мәселе.
Облыс әкімдігінің жемқорлыққа қарсы жобалау кеңсесінде өткен арнайы ақпараттық-түсіндіру жиыны дәл осы түйткілге арналды. Облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Қайрат Сүйіндіковтің қатысуымен өткен семинарда мемлекеттік қызметшілер арасында деструктивті діни ағымдардың ықпалын болдырмау, оларға қарсы иммунитет қалыптастыру мәселелері кеңінен қозғалды.
– Жиынның мақсаты мемлекеттік қызметшілер арасында дәстүрлі дінімізді таныту, ақпараттық түсіндірме арқылы діни ағымдар мен секталардан сақтандыру болып табылады. Мемлекеттік қызметкер, бұл жай ғана маман емес, ол қоғам үшін үлгі, – деді жиынды бастаған әдеп жөніндегі уәкіл Қайрат Сүйіндіков, – Сондықтан біздің міндетіміз – діни сауаттылықты арттыру, ұлттық құндылықтар мен дәстүрлі дінімізді дұрыс түсіндіру арқылы радикалды бағыттардан сақ болуды үйрету.
Жиынға А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің өкілдері, профессор Дәурен Тойматаев, саясаттанушы Төлеу Панияз және сарапшы Денис Качеев шақырылып, қатысушылармен тікелей сұхбат форматында өзекті мәселелер талқыланды.
Олар деструктивті ұйымдардың қоғамға қалай енетінін, әсіресе интернет арқылы жастар мен жас мамандарды қалай арбауға тырысатынын нақты мысалдармен түсіндірді.
А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры, философия ғылымдарының кандидаты Дәурен Тойматаев қазіргі таңда дін мәселесінің қоғамда аса өзекті болып отырғанын атап өтті.
Оның айтуынша, деструктивті діни ағымдар адамдарды әлеуметтік мәртебесіне, лауазымына немесе біліміне қарамастан, түрлі тәсілдер арқылы өз қатарына тартуға тырысады.
– Бүгінде дін мәселесі өте өзекті. Бұл тек қарапайым халықты ғана емес, мемлекеттік қызметшілерді де айналып өтпейтін құбылыс. Қауіп қайдан дегенде, ең бастысы – адамның ішкі ұстанымы, рухани иммунитеті. Тек өз ойы, берік ұстанымы бар адам ғана адаспайды, – деді профессор Дәурен Тойматаев.
Оның айтуынша, дәстүрлі рухани құндылықтар мен сыни ойлау қабілеті, радикалды идеялардан сақтанудың басты құралы. Жастарды да, мемлекеттік қызметкерлерді де рухани тұрғыдан қолдау, уақыт талабы.
Семинар «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» тұжырымдамасы негізінде өтті. Бұл бастама тек сыбайлас жемқорлыққа қарсы құрал ғана емес, сонымен қатар рухани және этикалық тұтастықты сақтау жолындағы нақты қадам болып отыр.
– Деструктивті діни ағымдардың ықпалына түсу қаупі қоғамның барлық мүшесіне, соның ішінде мемлекеттік қызметшілерге де қатысты. Алайда адамның мемлекеттік қызметке орналасуына діни көзқарасы тікелей кедергі бола алмайды. Егер үміткердің өмірбаянында, қызметтік жолында қылмыстық әрекеттерге қатысы болмаса, ол заң аясында жұмысқа қабылдана береді. Сондықтан басты назар алдын алу шараларында. Мемлекеттік органдар тарапынан түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп отыру, ақпараттық иммунитет қалыптастыру, бұл мәселенің ең тиімді шешімі, – дейді Қайрат Сүйіндіков.
Бұл кездесу, бір реттік шара емес. Бұл – қоғамның иммунитетін қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Өйткені діни тұрақтылық елдің рухани қауіпсіздігінің негізі.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ