
Qostanai_tany
June 16, 2025 at 11:07 AM
«iKomek-109» жедел байланыс орталығы ашылғалы бері жұмысының тиімділігін дәлелдеп берді. Бүгінде бұл орталықтың жүйесіне Қостанай қаласының барлық қызмет көрсету ұйымдары қосылған.
«109» жедел желісінің жұмысы туралы қалалық әкімдікте өткен аппарат жиналысында айтылды. Орталық басшысы Азель Айсабаеваның айтуынша, 436 жауапты ұйым «iKomek-109» қызметімен тұрақты байланыста. Соның ішінде 15-і қалалық деңгейдегі мемлекеттік мекеме, 27-і ведомствалық, мердігер ұйымдар, 290 МИБ (мүлік иелерінің бірлестігі), 40 облыстық және республикалық деңгейдегі мемлекеттік мекемелер мен өзге де ұйымдар.
Орталықта барлығы 12 оператор ауысым бойынша күндіз-түні жұмыс істейді. Әр ауысымда 4 адам кезекшілік етеді. Үшеуі күндіз, бір адам түнгі ауысымда. Бір қызметкер күн сайын орта есеппен 94 қоңырауға жауап беріп, тұрғындардың шағымдарына жауап іздейді. Өтініштер қазақ және орыс тілдерінде қабылданады.
– Биылғы 1-қаңтар мен 16-маусым аралығында тұрғындардан 31080 өтініш түскен. Соның 61,7%-ы кеңес беру сипатындағы сұрақтар және оған сол сәтте жауап берілген. Сауалдардың 37,6%-ы тиісті орындарға жіберілді. Былтырғы көрсеткішпен салыстырсақ, өткен жылы 49326 өтініш қабылданды. 2025 жылы шағымдар санының азайғанын ескеру қажет. Бұл дегеніміз мәселенің азайып, ұйымдардың сапалы жұмыс істеуге көшкенін білдірсе керек, – деді Азель Айсабаева.
Шағымдардың мазмұнына тоқталсақ, қуат көзі – электрмен қамту тақырыбында 2 766 өтініш, жол инфрақұрылымына қатысты 2 435 өтініш, қоқыс жинау және санитарлық тазалық жұмыстарына қатысты 979 өтініш, қоғамдық көлікке қатысты 535 өтініш тіркелген. Сондай-ақ көше, жол жөндеу жұмыстарына қатысты шағымдардың азаяр түрі жоқ. Қала әкімі Марат Жүндібаев Баймағамбетов көшесіндегі жол жөндеу жұмыстарына ерекше екпін қойды.
– Баймағамбетов көшесі бойынша шағым көп. Асфальт енді ғана төселді және оны қайтадан сүруге мәжбүрміз. Ол жерде көктем-жаз бойы жұмыс істеуге тура келіп отыр. Көшені қалпына келтіру жобасы су сорып алатын дренаждың жоқтығынан кешіктірілуде. Жоба аясында біз жерасты коммуникацияларын толығымен жаңарта аламыз, – деді Марат Жүндібаев.
Қымбат ДОСЖАНОВА