
Azattyq – Азаттық
June 19, 2025 at 06:16 AM
*Путин: Қазақстанның мұнай экспортын әртараптандыруға мүдделі екенін түсінеміз*
18 маусымда Петербург экономика форумында Ресей басшысы Владимир Путин мұнай экспорттауда Ресейге тәуелді Қазақстанның оны әртараптандыру талпынысы туралы пікір білдірді.
> “Экспортталатын Қазақстан мұнайының негізгі көлемі Ресей арқылы өтеді. Негізгісі. Бұл Каспий құбыр консорциумы арқылы [тасымалданады]. Басқа жолдар арқылы да тасымалданады. Қазақстаннан экспортталатын мұнайдың барлығы-дерлік Ресей арқылы өтеді. Бірақ біз Қазақстанның әртараптандыруға мүдделі екенін түсінеміз және мұны жеңілдетуге, көмектесуге дайынбыз” деді ол.
Қазақстан мұнайының басым бөлігі ресейлік Каспий құбыр консорциумы арқылы халықаралық нарыққа жол тартады.
Ресей Украинада соғыс бастағалы бері Қазақстан билігі балама жолдар, оның ішінде Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры туралы жиі айтатын болған. Кейінгі уақытта осы бағытта тасымал көлемі артқанымен, әлі де болса Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы өтетін көлеммен салыстырғанда әлдеқайда аз. Былтыр Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры Қазақстаннан 1,5 миллион тонна мұнай қабылдады. Сол уақытта үкімет жоспарында мұнай тасымалын жылына 20 миллион тоннаға дейін ұлғайту көзделіп отырғаны айтылғанымен, нақты мерзімі аталған жоқ.
Қазақстандық сарапшылар үкіметті Ресейге тәуелділікті азайтуға шақырып, аймақта жанжалдар күшейе қалған жағдайда ондай тәуелділіктің зор қауіп-қатер тудыратынын ескерткен.

😂
🤡
👍
💩
😎
🪑
🌎
🐖
🖕
😈
24