
Qostanai_tany
June 19, 2025 at 06:51 AM
Кейкі батыр кесенесінің маңайынан батыр ана Жәмлиха Дәуітбайқызының қорымы табылғанын кезінде айтқан болатынбыз. Батыр ананың тарихта қалған аты – Тасбике.
Ескерткіштің салтанатты ашылуына Аманкелді аудандық мәслихатының төрағасы Нұрлыбек Әлмағанбетов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Есім Жетпісбайұлы, сондай-ақ көршілес Арқалық қаласынан ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров, осы істің басы-қасында жүрген, тарихшы,өлкетанушы, Арқалық қаласының құрметті азаматы Шөптібай Байділдин және батыр ана Тасбикеден тараған ұрпақтары қатысты.«Тасбике апамыздың басына құлпытас орнатумен былтырдан бері ізденіп, табу жұмыстарын атқарып, бүгін Тасты ауылының іргесінде діттеген мақсатымызға жетіп отырмыз. Жатсынбай бауырына басып, мақсатты ісіміздің жүзеге асуына көмектесіп жатқан қасиетті Торғай өңірінің дүйім халқына алғысымызды білдіреміз. Қазір Тасбике анадан тараған ұрпақтардың саны 700 мыңнан асты. Олардың дені кезінде түрлі жағдайлармен елден кетуге мәжбүр болған ата – бабаларымыздан тараған ұрпақтар қазір Қытайда, Моңғолияда, Пәкістан, Үндістан, Түркия, Германия елдерінде тұрады», – дейді Жетісу облысынан арнайы ат терлетіп келген ұрпақтарының бірі Мұхамед Жәбілұлы.
Дерек бойынша, 1742 жылы Пенза горнизондық жаяу әскер қолының майоры Гиммлердің жорығына арнап Жоңғарияға қазақ елі арқылы барар сапары жайлы түсірілген және 1869 жылы жасалған орынборлық атлас карта бойынша Қостанай облысы, Аманкелді ауданы, Тасты елдімекенінен «Тасбике бұлағы» табылған. Міне, енді үш ғасырды артқа тастап батыр ананың басына ескерткіш белгі тұрғызылды.Жәмлиха Дәуітбайқызы 1631 жылы Қызылорда облысында туып, 1741 жылы 110 жасында алты ұлының бірі Елібай шаңырағында дүние салған.Ескерткіш басында абыз ақсақал Мұхтар Ходенов батасын беріп, әруақтарға арналып құран бағышталды. Ауыл мешітінде дастархан жайылып, ас берілді.